Толық мәзір

 «Серпін» бағдарламасының гранттары 2,5 есе көбеймек

Биыл «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінетін грант саны 2,5 есеге артады. Бұл туралы аталған жобаның үйлестіру кеңесі төрағасы Мұрат Әбенов бағдарлама қатысушыларының республикалық слеті барысында мәлімдеді.Оның айтуынша, былтыр алғашқы жыл болғанына қарамастан, оған қызығушылық танытқан жастардың қатары өте көп болыпты. Зеренді ауданы Шағалалы ауылында өткен басқосуда бағдарламаны одан әрі жетілдіру мәселесі қаралып, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған студенттер жоба жайлы өз ойларын ортаға салды. Айта кету керек, «Мәңгілік ел жастары индустрияға! Серпін-2050» бағдарламасы өткен жылы еліміздегі техникалық мамандықтардың жетіспеушілігін жою үшін Елбасының тапсырмасымен қолға алынып, 2050 грант берілген болатын. Ол бойынша ауыл жастарының техникалық білім алып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар. Бүгінде Ақмола облысында «Серпін» бағдарламасымен 200-ден астам бала оқып жатыр. Мұрат Әбенов, «Серпін-2050» бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы -Ондай қызығушылық көп болғаннан кейін биыл 2,5 есе көбейтетін болдық. Шамасы 5 мыңға жуық. Оның 4 мыңдайы ЖОО, 1,5 мыңдайы колледждерге. Биылғы жылы мамандықтар кеңейіп жатыр. Оның ішінде техникалық мамандықтар бар. Алдағы сәуір айында біз осы бағдарлама бойынша облыстарды аралап бастаймыз. 85 пайызы осы балалардың көп балалы отбасылардан және материалдық жағдайы төмен отбасынан. Әрине, бұл жерде үлкен мемлекеттік қолдау. Тегін оқу, тегін жол, колледждерге тегін тамақ. Байжігіт Боранбаев, бағдарламаға қатысушы -Бізге жалпы барлық жағдай жасалған. Үш мезгіл тегін ас, жаңа жатақхана барлық жағдайымен. Стипендиямыз, сабақ үлгеріміміз жақсы. Қоғамдық жұмысқа белсене араласа аламыз. Осындай ұйымшылдықпен дамыған 30 елдің қатарына қосылып, алда «Серпінмен» болашаққа серпіліп, көптеген жеңістіктерге жетеміз деген ойдамыз.