Мұрат ӘБЕНОВ: «Үшінші секторға қолдау қажет»
1 ақпан 2010 ж. «Заңнамалық актілерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң жобасы әзірленбек. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жолға қоюды көздейтін бұл құжаттың тұжырымдамасы ғаламтор желісінде көптің талқысына ұсынылып отыр. Жуырда Мәдениет және ақпарат министрлігі заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысын өткізді. Заң жобасы бойынша Парламент депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшыларынан құралған, барлығы 65 адамнан тұратын жұмыс тобының бір мүшесі мәжілісмен Мұрат Әбеновты сұхбатқа тартқан едік. – «Заңнамалық актілерге мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар туралы» заң жобасын әзірлеу жұмысының аяқ алысы жақсы сияқты. Бұрын-соңды қандай да бір заңнамалық құжатты дайындау барысында қоғам тарапынан болған осындай ерекше ықыласты байқамаппыз. Әлде біз қателесеміз бе? – Шынында да солай, мен өзім осындай басқосуға алғаш қатысуым. Бұл заң жобасы бүгінде интернеттегі арнайы сайтта барлық қазақстандықтардың талқылауына ұсынылып отыр. Ұсыныс көп болады. Сондықтан бұл бірден бір сапалы заң болып шығар деген ойдамын. – Жалпы бұл заң жобасының қажеттігін қалай түсіндірген болар едіңіз? – Үкіметтік емес ұйымдар – қоғамдағы үлкен күш. Оларға бөлінген қаржы жеткілікті болып, тиімді жұмсалса, біздің әлеуметтік салада көптеген мәселелер оң шешім табар еді. Өйткені, бұл ұйымдар халықтың өз ортасынан құрылған. Олар жергілікті жерлерде қандай жағдай орын алып отыр, халыққа не қажет, қандай әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру керек деген сұрақтардың жауабын біледі. Мемлекеттік ұйымдар әміршіл-әкімшіл әдіспен жұмыс істейді ғой. Олардың көп бастамаларының сапалы болып, халыққа жетуі қиын. Осы олқылықты жойып, біздегі әлеуметтік маңызы зор мәселелерді шешу үшін үкіметтік емес ұйымдар жұмысына жәрдем жасау керек. Олардың қоғамдағы рөлін көтеру керек деп ойлаймын. – Үшінші сектор жұмысын ұтымды ұйымдастыру үшін қандай мәселелерге маңыз беру керек деп ойлайсыз?– Аталмыш заң бойынша үкіметтік емес ұйымдарды қолдау мақсатында бірқатар шаралар қарастырылып отыр. Солардың негізгісі ретінде мен оларға бөлініп жатқан қаржыны бұл ұйымдар үшін де, үкімет үшін де, сонымен қатар тұтас қоғам үшін де тиімді бөлу өлшемдерінің енгізілуін айтар едім. Онда сондай-ақ үшінші сектордың материалдық-техникалық базасын жасау шарасы да қамтылмақ. Көптеген ұсыныстар айтылып жатыр. Мәселен, мен үкіметтік емес ұйымдарға қатысты барлық терминдерді нақтылап алу жөнінде пікір айттым. Кейбір кезде осы терминдердің бір ізге түспеуінен, олардың айқындалмауы салдарынан жұмыстардың алға баспай жататыны жасырын емес. Мәселен, қайсысы қоғамдық ұйым, ол тендерге қатыса ала ма, жоқ па деген сұрақтар терминдердің жүйесіздігінен туындайды. Жобаға енгізіліп жатқан өзгерістердің бірі – үкіметтік емес ұйымдардың тек мемлекеттік тапсырысты орындауға ғана емес, оны жоспарлауға қатыстыру мәселесі. Себебі, көптеген қоғамда болып жатқан жағдайларды үкіметтік емес ұйымдар жақсы біледі. Және ұсыныс айта біледі. Қандай жобаларға мемлекеттік тапсырыстар керек? Осының бәрін үкіметтік ұйымдармен кеңесе отырып шешуден ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. – Қолданыстағы заңның қандай кемшін тұсы бар деп ойлайсыз? Және олардың қалай реттелгені оң? – Мәселен, қолданыстағы заңда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастырып, орналастырудың тетіктері қарастырылмаған. Ол бізде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» заңның 2 және 6-баптары бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бойынша реттеліп келді. Ал бұл заңда аталмыш шара туралы тек әлеуметтік тапсырыс туралы ұғым мен оның бөліну бағыты ғана бар. Тәжірибеде бұл байқауды ұйымдастырушылар мемлекеттік сатып алудың кез-келгеніне қатысушыға қойылатын талапты қоғамдық ұйымдарға да қоюға мәжбүр болды. Мұның ақыры мемлекет тарапынан бөлінген қаржының дұрыс игерілмеуі сияқты жағдайларға дейін алып келді. Аталмыш заң бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға енгізілетін өзгеріс осы тұрғыдағы бірқатар түйткілдерді жоюға мүмкіндік береді деп ойлаймын.