Толық мәзір

Менің анам… Менің әкем…

280x500xabenov.jpgАта-анам туралы айтпас бұрын бала кезімдегі бір оқиғаны айтып бергім келеді. Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Төменарық деген ауылда дүниеге келдім. Бірақ, ата-анам кейін қалаға көшіп кетті. Дегенмен, жаз бойы мектептегі демалыс кезінде ауылда болатынмын. Әкем балаларының ішінен мені айрықша ауылға жіберетін.

Отбасында ұлдың үлкені болдым. Мектепте орысша оқыған соң ауылдан ажырап кетпес үшін көбіне ауылға жіберетін. Бір күні 2 сынып оқитын кезімде балалармен бірге футбол ойнауға бардық. Ауылдың көшесімен қайтып келе жатырмыз. Түріміз шаршаңқы. Бір ақсақал алдымыздан шыға келді. Түрі ашулы екен. «Қайдан келе жатырсыңдар?», — деді зілді сөйлеп. Футболдан келеміз дедік жарыса сөйлеп. «Мында менің бақшамда біреулер менің қауындарымды ұрлап кетіпті. Әлі піспеген қауын. Аяқтарымен таптап кетіпті. Соған кейіп тұрмын. Сендер емес пе алған?» деп бізден сұрау салды. Содан бізді тергей бастады. Ата-анамызды, аталарымыздың атын сұрады. Маған кезек келген кезде «әкеңнің аты кім?» деді. Абдулла дедім төмен дауыспен. «Танымайды екем, атаңның аты кім?» деді, «Әбен» дедім. Қай Әбен, ауылда үш Әбен бар ғой. Мен тұратын үйіміз бен көшемізді айттым. «Еее, онда сенің ұрлауың мүмкін емес. Біз сенің атаңды «жұлдыз Әбен» деп атайтын едік. Өте білімді, парасатты кісі еді. Ондай кісінің немересі мұндай іске ешқашан бармайды. Сендер емес екенсіңдер, жүре беріңдер» деп бізді босатып қоя берді. Қалаға келген соң әкемнен атам туралы сұрағанымда атамның білімді кісі болғанын, мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысқан еңбекқор жан болғанын, ауыл арасында өте сыйлы кісі болғанын айтып берді. Тігінші болған екен, Ташкентке барып мата әкеліп, костюм, пальто тігеді екен. Тікелей саясатқа қатысы жоқ, ешқандай қызметке қатысы жоқ қарапайым адам болған. Кейін өскен сайын, ауылға барған сайын басқаша көзқараспен қарайтын болдым. Әбеннің немересі қалай жүр екен деп айтпасын деп түзу жолмен ғана жүретінмін. Атама қарап, әкеме қарап өстім, ер жеттім. Әкем мектепте ұстаз болды. Кейін мектеп директоры болды. Күнде әкем мені қасына алып жататын. Біз көп балалы отбасы болған соң, үйде ұлдың үлкені болған соң мені жаныннан тастамай жүретін. Жұмысқа баратын кезде әкем ақ көйлегін киіп, галстугін тағып, иіссуын сеуіп кететін. Сол кезде мен әкеме қатты қызығып қараушы едім. Менде өскенде ұстаз болам деп алдыма мақсат қоятынмын. Менің әкем барлығы соғысқа аттанған жылдары 12 жасынан бастап мектепте қызмет атқарған. Кіші сыныптарға сабақ берген. Әкем 1 жарым жасында анасынан айырылып, ағалары арқалап  өсірген.
d0b0d0b1d0b5d0bdd0bed0b2-d0b0d0b1d0b4d183d0bbd0bbd0b0.jpgӘр адам ата-анасының атына кір келтірмеймін деп ғұмыр кешеді. Әкем маған үнемі жалған сөйлеме, біреудің ала жібін аттама деген өсиетін жиі айтып отыратын. Ауылда көнекөз ақсақалдар жиналып, тарих туралы, өмір суралы әңгіме айтатын. Сондай бір жиынға әкем мені ерітіп алып барды. Сонда бір ақсақал әңгіме айтып отырды. Таң қалдыратын, әдемі әңгіме айтып отырды. Мен ол кісіні ұйып тыңдап отырмын. Байқап қарасам әкем онша зер салып тыңдап отқан жоқ. Сол жиыннан соң әкеме: «бағанағы кісінің әңгімесін неге тыңдамай, көңіл бөлмей отырдыңыз? Өте жақсы әңгіме айтты, өзі сол оқиғаға қатысып қана қоймай, көзімен көріпті, маған ұнады» дегенімде «балам, оның әкесі кезінде өтірікші, үнемі жалған сөйлейтін кісі болған, сол үшін мән бергенім жоқ» деген еді. Ол қызметкер болсын, дәулетті адам болсын, ішкі жан дүниесі «кедей» адамдарды ұнатпайтын. Әкем маған өмір бойы үлгі болған кісі. Барлық қызмет атқарған кезімде бірінші күннен бастап ақылын айтып, қолдау көрсететін. Қолыңнан келсе жақсылық жаса, адал қызмет жаса, абыройыңды ойла деп көп айтатын. Достық туралы көбірек айтатын. «Балам, қызметтес достар болады, олар уақытша достарың, шын, нағыз дос деген болады, сол нағыз досыңнан айырылып қалма. Туған-туысқандарыңды ойла» дейтін. Мысалы, бұл сөздердің барлығы біздің Ата Заңымызда жоқ сөздер десек, мен үшін әкемнің айтқан барлық сөздері ең үлкен Заң болып есептеледі. Осыдан 4 жыл бұрын әкем дүниеден өтті. Арамызда болғанда бүгінде 85 жасқа толушы еді. Осы сұхбатты оқып отырған оқырмандарға айтар едім, ардақты әкелеріміз қасымызда болғанда құрметтеп, ақыл-кеңестерін сұрап алу керек екен. Әкеме  көзі тірі кезінде «барлық ойларыңызды жазып кетіңізші» деп айтып едім. Ол кезде дұрыс мән бермедік пе, кезінде керек сөздерін, өсиеттерін жазып алмағаным үшін әлі күнге өкінемін. Менің әкеме деген мәңгілік сағынышым әрдайым жүрегімде…

Адам баласына әкесімен қатар жанын, жүрегін беруге дайын тұратын жаңашыр жан ол – Ана. Аллаға шүкір, анам ауылда. Жас күнінде, бала күнінде қиыншылықты көп көрген кісі. Анамның әкесі соғысқа аттанып, кейін қайтыс болады. Анам әжесінің тәрбиесінде болған екен. Ата-анасын дұрыс көрмесе де, дұрыс тәрбиесін алуға мүмкіндігі болмаса да әлі күнге жылап, есіне алып отырады. Тіпті әкем қайтыс болардан 3-4 жыл бұрын ұзақ жылап отыратын. Анамды көзіме елестете алмаймын, тым болмаса бір суреті болғанда қарап отырушы едім деп армандайтын. Қазір Аллаға шүкіршілік айтамын, анам қасымда. Анам қарапайым қызмет жасаған кісі. Алдымен тігінші болды, аспазшы болды. Көп балалы ана болса да, бір өзі барлығына үлгеретін. Таңертең жұмысына кетеді, күн батқанда келеді. Бізді осы күнге жеткізгені үшін анама үлкен құрметпен қараймын. Анам әр сенбі күні базарға кететін. Біздерге тәттілер алып келу үшін. Түске қарай артынып-алқаланып сөмке-сөмке болып келетін. Пряник әкелетін, өте дәмді пряник. Әлі күнге дәмін сеземін. Сол тәттілерді барлығымыз арқа-жарқа болып жейтінбіз.
                                         14496_10202953842061960_7746533089437421527_n.jpg
Біз ауылда жер үйде тұрдық. Сонда анам жұмысымен қатар, бізге беретін тәрбиесімен қатар ауладағы бақшамызды да жайнатып қоятын. Бақша өнімдерін сатып алмайтынбыз, анам еккен өнімдерді ғана қолданатынбыз. Әкем аздап қаталдық танытқан кездері анам менің барлық еркеліктерімді көтеретін. Мектеп қабырғасында жүргенімде сурет үйірмесіне, би үйірмесіне қатысатынмын. Сонда маған киетін арнайы костюмдердің барлығын анам тігіп беретін. Үйге күшік асырағым келіп күшіктер алып келсем, анам менімен бірге күрке жасайтын. Рагадка жасайтын болсам да анам көмектесетін. Анам тігіншілікпен айналысқан кезде маған да сол өнерді үйретті. Ол кезде киімге қазіргідей қолжетімді заман болмаған еді. Сонда мен әкемнің ескі көйлектерінен өзіме көйлек тігіп алатынмын. Ол кезде қолдан тігетін шалбар сәнге айналған болатын, балағы 32-35 см, сол шалбарды анаммен бірге тігетінмін. Мені тек әкем тәрбиелесе онда қиын болатын еді. Себебі, менің әкем ұстаз болған соң ба, өте қатал кісі болатын. Тіпті балалармен ойнауға да сұранып шығып, айтқан уақытында келетінбіз. Мен осындай қарапайым ортада тәрбиеленіп ер жеткенім үшін өзімді бақытты сезінемін. Үнемі көңіліміз бай болып жүретінбіз. Кезінде сол уақыттарда автокөлігіміз, қымбат үйіміз болмаса да біздің біліміміз, алға қойған айқын мақсатымыз, ең бірінші ата-анамыздың берген тәлімі мен тәрбиесі болды. Ол кісілер сол жауапкершілікті бізге аманаттаған жандар. Менің екі баламды да ата-анам тәрбиелеп өсірді. Сол үшін қуанамын. Себебі, ол кісілер бізді тәрбиелеп үлгермей, күндіз-түні біздер үшін жұмыс жасады. Бірақ, менің балаларымды, анам қызымды, әкем ұлымды тәрбиеледі. Менде болашақ немерелерімді осылай тәрбиелегім келеді. Қашан да ата-анамның орны мен үшін биікте. Ауылға анамды сағынып барғанда бірінші кезекте қолын ұзақ ұстап отырамын. Сол алтын қолдарымен бала кезімізде бізді жуындырды, бізге тамақ берді, сол алтын қолдарымен мен әскерде жүргенде хаттар жазды, батасын берді, сол алтын қолдарымен үйленгенімде отқа май салды, кеше ғана сол алтын қолдарымен немеремізді бесікке салды. Сол үшін де маған ерекше ыстық. Көбіне анам айналайынын айтып, бізді жақсы көріп, айналып-толғанып отыратын. Сендер аман болсаңдар маған байлық та, дәулет те керек емес, менің бар байлығым – сендерсіңдер деп отырады. Асыл ананың аппақ жүрегінен нұр болып төгілген осындай жүрекжарды сөздерді естіген әрбір адам бақытты… Көзіміздің қарашындай, жүрегіміздің лүпіліндей болған ардақты ата-аналарымыз әрдайым аман болсын!

Мұрат Әбенов, 
республикалық «Өрлеу» АҚ директорлар кеңесінін төрағасы, қоғам қайраткері
http://adebiportal.kz/m-rat-benov-o-am-ayratker-sayasattanushy.page/