Толық мәзір

М.Әбенов: Соңғы кездегі көбейген еңбек дау-дамайлар себептері жайлы

ШІРЕНГЕН БАСШЫДАН ШИ ШЫҒАР

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолын салып жатқан жұмысшылар неге ереуілге шықты? Қарап отырсақ, соңғы кездегі жиілеп кеткен еңбек дауларының түпкі негізі бір. Мәселенің мәнісі жалғыз жалақыда ғана емес. Мысалы, Қызылордадағы әлеуметтік қатердің туындауына шетелдік компанияның жаңа менеджментінің негізсіз әрекеті себеп болған. Мысалы, жұмысшыларға жаздыкүні 1 күнге 160 литр жанармай берсе, бірте-бірте азайтып, қыстың қақаған күндерінде ол норманы 115 литрге дейін кемітіп жіберген. 1-2 көлік жанармайы таусылып, жолда қатып қалған. Ереуілге негіз болған да – осы. Яғни жұмыс беруші жұмысшыға бұрын еш шарттарда, келісімдерде қаралмаған жаңадан талаптар қойған. «Осыны жеткіз! Жетпесе – жұмысты тастап, кете бер!» – деп шалқайған шетелдіктер. 

268447_2028246780729_109162_n

«Әлеуметтік наразылық неден туады?» деген сауал мені көп ойландырады. «Нұр Отанның» партиялық бақылау тобының құрамында елді мекендерді жиі-жиі аралап, қарапайым жұмысшылармен кездесіп жүріп, бірқатар жайттарға көз жеткіздім. Біріншіден, онсызда шикілігі көп еңбек заңының өзі орындалмайды. Мәселен, жұмысшының дұрыс демалуы, жалақысын уақытылы алуы, жұмыс күнінен артық еңбек етпеуі, жұмыс киімімен қамтамасыз етілуі – бұлардың бәрі заңмен қорғалған. Алайда заң бойынша дау-дамай туындамас үшін, құқығы бұзылған әрбір адам өз бастығының үстінен арыз жазуы керек. Біздің менталитетіміз бұған келмейді. Бір ұжымда жұмыс істейтіндер басшысына арызданбақ түгілі, қарсы келмейді. Сөйтіп, проблема асқына береді. Екіншіден, осы жұмысшылардың құқығын қорғау міндеті бар, еңбек қатынастарын бақылауға арнайы қойылған мемлекеттік қызметшілер сол баяғы ескірген «сен тимесең-мен тимеймін» тәсілмен жұмыс істейді. Мысалы, әр жерде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тікелей бағынатын еңбек инспекторы бар. Олар жоғарыға тек жайлы есеп беріп, қажетті мөлшерде акті толтырып, айыппұл салумен ғана шектеледі. Әлеуметтік шие­леністер жайлы біле тұра алдын алумен шаруасы жоқ! Нарық заманында дау-дамай көбейе беретіні – заңдылық. Оны мойындауымыз керек. Себебі, көп әлеуметтік экономикалық қарым-қатынас жеке адамдардың және жеке компаниялардың арасында. Мемлекет тікелей араласа алмайды.Тек қажетті заң шығару арқылы реттеп, сол заңның әділ орындалуын қамтамасыз ету. Конфликтология деген басқару жүйесіндегі ғылыми-зерттеулермен дәлелденген жаңа бағытты қолдануымыз керек. Ол үшін мемлекеттік қызметкерлер бұрынғыдай «бастық» болып қайсың бірінші болып алдыма келесің деп шіреніп жүрмей, жаңаша басқару жүйесін үйрену қажет. Дау-дамайды болдырмау, алдын алу, болған жағдайда дұрыс реттеу, үйлестіру, екіжақты келістіру әдістерін білу керек. Басты міндет – әлсіздерді корғау. Өкінішке қарай, біздің қызметкерлер ондай жаңа әдістерді білмек түгіл, оларға ондай тапсырма да жүктелмеген. Бар гәп – осы жерде. Олар дау-жанжалды зерттеп, алдын алудың орнына, керісінше, заңбұзушылықтар болса екен деп тіленіп отырады. Себебі, оның жұмысы актімен, айыппұлмен бағаланады. Одан калса: «Бізге арыз түскен жоқ» дейді. Аудан орталығында отырып, 5 шақырым жердегі жол құрылысына баруға кұлықсыз. Тіпті болған оқиғадан да хабарсыз. СЭС-тщ инспекторы да солай. Яғни, ең алдымен, біз жауапкершілікті еңбек инспекторынан сұрауымыз керек. Оған қоса, жергілікті басшылар әлеуметтің проблемасына дер кезінде көңіл бөлмейді. Жоғарғы жақтан «ондай мәселенің алдын алыңдар» деген тапсырма да берілмейді. Әлеуметтік наразылықтың пайда болуының түп-тамыры осында. Сол себепті, біз барған жерімізде істің ақ-қарасын еңбек инспекторынан талап ететін болдық. «Егер сіздер ушыққан мәселені көре тұра үндемесеңдер – бұл сыбайластық. Ауыз ашпағандарың үшін, біз кеткен соң «ақысын» аласыңдар. Айқай-шуды неге бірінші біз Астанада отырып естиміз? Неге үндемейсіңдер?» – дейміз оларға. Бұдан кейін шетелдіктер оларға ауызбастырық беріп, ауыздарын «буып» қояды деген күдік тумай қайтсін.

Үшінші мәселе – қара пайым халықтың құқықтық және азаматтық сауатсыздығы. Менің бір байқағаным – көптеген азаматтар дұрыстап арыз жаза алмайды. Арыз жазуды білмейді, не біле тұра, құқықтарын қорғағысы келмейді. Тағы да менталитет. Осыны білетін кейбір шенеуніктер халықтың намысына тиіп, құқықтарын қорлайды. Қай жерде азаматтық белсенділік жоқ – сол жерде жемқорлық гүлденеді. Әр адам өз құқығын қорғап, арыз жазудан қорықпауы қажет. Сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін, әркім заңсыздыкка жедел үн қатуы тиіс. Мынаны қараңызшы: кәсіпкер мемлекеттік салыққа 1 тиын қарыз боп қалса, оған айыппұл салады. Тіпті заңсыздыкқа жол берді деп жұмысын істетпей қояды. Яғни салыққа 1 тиын төлемеу – қылмыс, ал қарапайым жұмысшының табанақы, маңдай терімен тапқан 70 мың теңгесін төлемей қою – қылмыс емес. «Ол ақшаға жанұясы тамақ алмайды, киім кимеді, үйін жылытпайды, баласын оқытпайды» деген сөз. Ал бұл мемлекетке уақытылы салық түспегеннен ауырлау зиян келтіреді. Ол зияны – мемлекет мені қорғай алады деген сенімнен айырылу. Сонымен қатар екінші жағын да айтып, кетуіміз керек. Әр азамат мемлекеттегі барлық жағдайға өзін үйіндегі тіршілікке рағандай көзқарас болу керек. Әрбір азамат өзін мемлекеттің өкілі ретінде сезінуі. Сонда ғана, ол қай жерде заң бұзылса, қай жерде мемлекет беделіне нұқсан келсе – сол жерде азаматтық белсенділік танытады. Яғни салынып жатқан автокөлік жолының өз елінікі екенін, өз ақшасы жұмсалып жатқанын білуі керек. Бұл – нағыз патриоттық сезім.

Енді мәселені шешудің жолдарына келейік. Ең алдымен, Еңбек кодексіне және өзге де заңдарға нақтылы өзгерістер енгізуіміз керек. Жәбірленушінің арызын күтпей-ақ, еңбек инспекторлары әлеуметтік жанжалдың туындау себептерін зерттеп, соның алдын алуы керек. Олардың жұмысының сапасы заңбұзушылықтардың санымен емес, дау-дамайлардың алдын алумен бағалануы тиіс. Әлеуметтік наразылыққа жол беріп қойды ма, дереу қызметінен кетсін! Яғни ол жмыс істеудің орнына «ұйықтап» жүрді деген сөз. Екіншіден, мемлекеттік қызметшілердің еңбек дауларын болдырмауға қатысты жауапкершілігін күшейткеніміз абзал. Яғни бізге жаңа замандағы жаңа басқару тәсілі керек-ақ. Халықтың қызметшілері елдің көңілінен шығатындай деңгейге көтерілетін кез жетті. Елді соңынан ерте білетін, сөзін өткізе білетін, білікті басқарушылар керек. Жалпы алғанда, біз бір ұжымдағы бір мәселені ғана шешуді емес, әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешуге ұмтылуымыз қажет. Жергілікті әкімдер, мемлекеттік қызметшілер, ұлттық компания басшылары кез келген әлеуметтік дауды басқарып, оңай жолмен шеше алатындай қабілетті болуы шарт.

Мәселе шешу дегенге тағы бір мысал. Мұнай өндіретін аймақтарда мұнайшылардың әкімдіктерге берген қаржысынан жиылған қор болады. Мысалы, сондай қорлардың қаржысын дұрыс жұмсаса, біраз әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Бірақ әкімқаралар ол ақшаны өз мүдесіне пайдаланады. Өзінің беделін өсіруге, өзіне керекті адамдардың, ұйымдардың мәселесін шешуге жұмсайды. Жаңаөзендегі жағдайды алсақ, мұндай мүмкіншілік болды. Бірақ, ешкім оны тиімді пайдаланған жоқ. Алдағы уақытта әлеуметтік мәселеге дұрыс көзқараспен қарайтын болсақ, осындай қорлардың барлығын қоғам болып бақылауға алуымыз керек. Олардың ақшасы қайда кетіп жатыр? Неліктен жасырын жұмсайды? Қарапайым халық мұны неге білмейді? Әлеуметтік наразылық деген осыдан басталады.

Менің ойымша, біздің Үкіметте кемшілік те, қателік те бар. Стратегиялық әрекеттері дұрыс болғанымен, тактикалық кемшіліктер көп кездеседі. Соның дәлелі, Үкімет басшысы орнында қалғанымен, бірнеше министрлер ауысты. Яғни «жұмыста өзгертетін жерлері бар» деген сөз. Жасырмай айтар болсақ, жергілікті жерлерден жоғары жаққа «керемет» есеп беріледі. «Ойбай, индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Нәтижесі – ғажап!» – дейді олар. Ал, біздің барып көргеніміз – басқаша. 2-3 адам қолмен басып тұратын май зауытын, оның да шикізатын жақыннан арбалап емес, көрші облыстан 500 шақырым жерден арбалап қымбатқа таситын көзбояушылықты «инновация» дейді. Немесе жаңадан салынған кәдімгі нан зауытын айтады. Бұл қандай индустрия? Бұл қандай инновация? Осылайша, өзімізді өзіміз алдаймыз. Ел жұрт көріп, мазақ қылады. Жуырдағы жиында мемлекет басшысы Үкіметке де, әкімдерге де тағы бір аванс берді. Бірақ қателіктерін түзетіп, сенімнен шықпайтын болса, сол сенімнің ұзаққа созылмайтынын қатаң ескертті. Бұл сыннан қаншалықты қорытынды шығарын алдағы күні көре жатармыз.

 Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты

«Жас Алаш» газеті