Толық мәзір

М.ӘБЕНОВ: К.Мәсімовке «Дипломмен ауылға!» жобасын іске асырылуындағы кемшіліктер туралы депутаттық сауал

АУЫЛҒА,АУЫЛҒА, АУЫЛҒА, ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА.??

  2011 жылдың  15 маусымда жарияланған.

 Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

К.Қ. Мәсімовке  

 Депутаттық сауал

 Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

 Өзіңізге белгілі, 2008 жылдың соңында ауылдық елді мекендерге әлеуметтік сала қызметкерлерін қоныстандырып және жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне ауылдық елдi мекендердiң әлеуметтiк сала қызметкерлерiн әлеуметтiк қолдау және ынталандыру мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заң (әрі қарай – Заң) қабылданған болатын. Бұл Заң халық арасында «Дипломмен ауылға!» жобасы атауымен кеңінен танымал.

Осы Заңды жүзеге асыру барысында 2009 жылдан бастап ауылдық жерлерге жұмыс істеуге баратын мамандарға 70 еселік АЕК тең сомада (89 мың теңге) біржолғы көтерме жәрдемақы төленсе, 2010 жылдан бастап, тұрғын үй сатып алуы үшін 630 еселік АЕК деңгейінде (890 мың теңге) 0,01 пайызбен 15 жыл мерзімге бюджеттік несие беру көзделген.

Республика тұрғындары, әсіресе жастар қауымы, мемлекеттің бұл бастамасын ерекше ықыласпен қабылдады.

Дегенмен, ауылдық елді мекендердің тұрғындарымен кездесу барысында, олар әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдауға байланысты атқарылып жатқан кейбір шараларға көңілдері толмайтынын білдірді.

Үкімет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шараларына қарамастан ауылдық аймақтарда күні бүгінге дейін ұстаздар мен дәрігерлерге тапшылық байқалуда, тіпті көптеген қызметкерлердің ауылды мекендерден көшіп кету жағдайы да орын алып отыр. Мысалға, 2008 жылмен салыстырғанда 2009 жылы ауылдық аймақтарда қызмет атқарып жатқан дәрігерлердің саны 1546-ға және орта буын медициналық қызметкерлердің саны 276-ға азайған. Ауыл халқының дәрігерлермен және орта буын медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етілу деңгейі республика бойынша ортша деңгейден сәйкесінше 2,3 және 1,2 есеге төмен болып отыр.

2009-2011 жылдар аралығында Заңның жүзеге асырылуын сараптай келе келесідей бірнеше кемшіліктердің орын алғаны жөнінде қорытынды шығаруға болады.

261632_2008592369381_7892340_n

АУЫЛҒА,АУЫЛҒА, АУЫЛҒА, ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА???

 1. Ауылдық елді мекендерге мамандарды тарту бойынша межеленген көрсеткіштерге қол жеткізбеу

Бұл ең алдымен ауылдардағы мамандарға қажеттілікті алдын ала болжау жұмыстарының сапасыз жүргізілуімен байланысты. Әлеуметтік сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларына бағытталған қаражат есебіне сәйкес үш жылдық мерзім ішінде ауылдық елді мекендерге 26 584 маманды орналастыру жоспарланған болатын. Оның ішінде 2009 жылы – 11 109 адам, 2010 жылы – 8 233 және 2011 жылы – 7 347 адам.

Дегенмен, іс жүзінде, 2011 жылдың 1 мамырындағы мәліметтерге сәйкес, жоспарланған 26 584 адамның тек 12 659-ы еңбекпен қамтылып отыр. Оның ішінде 2009 жылы – 6582 адам, 2010 жылы – 5400 адам және 2011 жылы 677 адам. Республика бойынша ауылдық аймақтарға маман тарту көрсеткіші тек 47 пайызғаорындалған.

Ал кейбір аймақтарда бұдан да төмен көрсеткіштер тіркелген. Мысалға, жоба бойынша 2009-2010 жылдары Қызылорда облысында ауылдық елді мекендерге 3271 адам тарту көзделген болса, іс жүзінде бұл көрсеткіш тек 1098 адамды құраған, яғни жоспар тек 33%-ға орындалған.

Осы дәйектерге сүйене отырып, барлық жобалаған сандар ойдан алынғаны және нақты дәлелдемелер болмағаны жөнінде қорытынды шығаруға болады. Мысалы, Қызылорда облысында онсыз да көп болып табылатын педагогикалық мамандарды тарту өте тым жоғары жоспарланған. Осының салдарынан көптеген мұғалімдер еңбек жүктемесінің жетіспеушілігінен жарты ставкаға жұмыс істеуге мәжбүр.

2. Тұрғын үй алу қиындықтарымен байланысты мәселелер

Заңды жүзеге асыру шаралары аясында 2010 жылдан бастап жоба қатысушыларына тұрғын үй сатып алу үшін 630 АЕК деңгейінде (890 мың теңге) 15 жыл мерзімге жеңілдетілген бюджеттік несие беріледі.

Дегенмен, аталған қаражат ауылдық жерден үй алу үшін жеткіліксіз, себебі ауылдық жерлердегі ең арзан деген ескі тұрғын үйлердің бағасының өзі көрсетілетін мемлекеттік көмек көлемінен 2 есе жоғары (1,5 млн. теңге). Жаңа тұрғын үй алуға мүмкіндік жоқ. Ал бүгін ескі тұрғын үй алатын болса, ол үйлер 15 жылда ескіріп, онда тұруға болмайды. Осындай келеңсіздіктерден тұрғын үй бойынша жоспар орындалмаған. Мысалға, 2010 жылда тұрғын үйге несиені 4000 адамға беру көзделген болса, тек 2 218 адам ғана бұл көмекті қабылдапты. Яғни, жоспар 55%-ға орындалған.

Жоба шеңберінде ауылға барған жастарға тұрғын үй қажет, оған қаражат та бөлінген, бірақ ешкім мойындағысы келмейтін қате есептемелердің салдарынан қомақты мемлекет қаражаты тиімді пайдаланылмауда. Бұған кім жауапты?

Ауылға барған жастар талапты орындау үшін біреумен келісіп, қаражатын төлеген болып, сол қаражатқа басқа жерден тұрғын үй салуға мәжбүр болып жүр. Оларды басталарынан бастап заңбұзушылыққа итермелейтін болсақ, бұл Жобаның мақсаттарына қаншалықты сәйкес келеді?

3. Ауылға жұмылдырылатын мамандар санатының шектеулілігі

Заңға сәйкес әлеуметтік қолдау шаралары ауылдық елді мекендердің денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларының мамандарына көрсетіледі.

Дегенмен, бүгінгі күні еліміздің агралық саласында да елеулі кәсіби мамандар тапшылығы бар екені белгілі. Бұл бағдарламаны аймақтардың, әсіресе ауылдық жерлердің инновациялық өркендеуіне бағытталған жаңа өңірлік саясатты жүргізгенге дейін қабылдаған болатынбыз. Демек, ауыл шаруашылығының инновациялық бағытын дамытуға жаңа мамандар қажет. Неліктен бұл бағдарламаға түзетулер енгізбеске? Бөлінген қаражат пайдаланбай жатыр ғой. Сондықтан бекітілген квота шеңберінде қажетті мамандар тізімін жасақтау мүмкіндігін жергілікті мәслихаттарға берген жөн. Олар жергілікті жерлерде жұмыс көзіне сұранысты жақсы біледі.

Бұл ауылға жұмылдырылатын мамандар тізіміне ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті мамандарды — мал дәрігері, агроном, технолог және т.б. мамандарды қосу мүмкіндігін беретін еді.

4. Әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бағдарламасы әкімшісінің дұрыс таңдалмауы

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру бағдарламасының әкімшісі болып табылады. Бағдарлама әкімшісінің дұрыс таңдалмауы себебінен межеленген көрсеткіштерге уақытында қол жеткізбеу орын алып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің тікелей құзіретіндегі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесімен айналысуы тиіс, ал әлеуметтік қолдау көрсету шараларын жүзеге асыруды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзіретіне беру қажет.

«Көш жүре түзеледі» демекші, жоғарыда көрсетілген олқылықтарды ескере отырып, келесі ұсыныстарды қарастыруыңызды сұраймын. Олар:

  1. Ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік сала қызметкерлерін қолдау мен ынталандыру мәселелері бойынша Заңның орындалуына және оған бөлінген қаржының тиімді жұмсалуына талдау жүргізу;
  2. Ауылдық жерлердегі мамандарға деген сұранысты нақты әрі дәл анықтау, осы мәселемен айналысатын тұлғалардың жауапкершілігін қатаңдату және жобаның тиімсіз жүзеге асырылуына жауапты тұлғалардың жауапкершілігін қарастыру;
  3. Тұрғын үй алуға бюджеттік несие көлемін 630 АЕК-тен (890 мың теңге) кемінде 1500 АЕК-ке (2120 мың теңге) дейін ұлғайту;
  4. Ауылдық жерлерге кәсіби мамандарды тартуға елеулі сұраныстың бар екенін ескере отырып, осы жоба аясында ауыл шаруашылығын дамытуға қажетті мал дәрігері, агроном, технолог және т.б. мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету қажет. Бекітілген квоталар шеңберінде қажетті мамандар тізімін мәслихаттар арқылы анықтау мүмкіндігін қарастырған жөн.
  5. Қазіргі таңда үдемелі индустриалдық-инновациялық  бағдарламаны іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру міндеттерімен айналысатын «Жұмыспен қамту 2020» кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осыған орай, ауылдық жерлерге мамандарды тартумен байланысты «Дипломмен ауылға!» жобаны «Жұмыспен қамту 2020» Бағдарламасының құрамына енгізіп, оның жүзеге асуына жауапты орган ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін белгілеу қажет.

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы, бұл мәселелердің ауыл тұрғындары, әсересе, жастар үшін әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, оларды қарастыруыңызды және жауабын белгіленген тәртіппен және жазбаша түрде жауап беруді сұраймын..

Қосымша: 2 парақта.

 Құрметпен:                  М. Әбенов