Толық мәзір

Ұзатылып барады Гүлнарым менің…

Жанарың нұрлы, жарқыным, менің,
Жарқырап жүрген алтыным едің.
Жүрегім қимастықтан елжірейді,
Жатқанда ұзатылып Гүлнарым менің.

Біледі ғой қимастықтың өлшемін –
Әке болып,
Ана болып көрсе кім?
Өз қолымен өзі үзіп бергендей,
Жүрегінің ең қажетті бөлшегін.

Тіршіліктің ерітіп қалың мұзын.
Бүршік жарған көктемде, гүлін ашып,
Басқа бақта өткізбек жазын, күзін.
Ұзатылып барады Гүлнар қызым.

Жаратылған жат жұртқа жазмыштан,
Ұясынан жаутаңдап қазым ұшқан.
Қимастық пен қуаныш тайталасып,
Күтті көңіл тылсым бір саз ұғысқан.

Ардағыңды алысқа қимағасын,
Ет кескендей етіңнен киналасың.
Жүрегіңнің тамырын жұлғандай-ау,
Ішке сыйып, сыртыңа сыймағасын.

Қазақта қызды сыйлау – ұлы ғұрып,
«Қыз — өріс» деген ғажап сыны да ұлық.
Өскен қыз ата-әженің аясында,
Кетпейді ешқашанда шідер үзіп.

Ағайын, жырым да осы, сырым да осы,
Білесіздер қыз ұзатқан көңілі босы.
Біздің гүл, біздің нәр де, біздің нар да,
Тілерсіздер барлығыңыз,
Келді қосы.