Толық мәзір

«Зияткер ұрпақ» жобасы аясында Мұрат Әбенов ауылдық мектепте дәріс өткізді

а14 Қазан 2014АСТАНА. ҚазАқпарат —   «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының «Зияткер ұрпақ» жобасы аясында қоғам қайраткері, «Өрлеу» АҚ Ұлттық компаниясы Директорлар Кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына қарасты, «Төменарық» ауылындағы мектепте жоғары сынып оқушыларына информатика пәнінен ашық сабақ өткізді.

Сабақтың мақсаты — қазіргі таңда заманауи ағымдағы ақпараттық  технологияларды қолданудың қыр-сырымен және  өзінің осы салада мол тәжірибесімен бөлісу. Сонымен қатар, Мұрат Әбенов оқушыларға «Зияткер ұрпақ» жобасының мақсаты жайлы жəне «Мəңгілік Ел» ұлттық идеясының маңызын айтып берді.

«Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен өтіп жатқан жобаның мақсаты — оқуда  немесе қызметте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген білімді азаматтарды ауылдағы жас жеткіншектерге білім беру ісіне тартып, тәжірибесімен бөлісуге шақыру. Бұл үшін «халық мұғалімдерінен» құралған еріктілер қозғалысы құрылған.

Жоба аясында ел арасына танымал азаматтар өз қалауларымен ауыл мектептеріне барып, 9-11 сынып оқушыларымен қысқа мерзімді курс сабақтарын өткізеді. Курстың ұзақтығы мен тақырыбын баратын «мұғалім» өзі анықтайды. Курс бірнеше сағатқа немесе аптаға, әйтпесе одан ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Ол мектеп пәндері (математика, шет тілі, т.б.) шеңберінде, сондай-ақ көшбасшылық қабілет, кәсіби бағдар, IT технологиялар және тағы басқа сияқты айрықша сипаттағы мәселелерге байланысты еркін тақырыпта өтеді.

Қазірде қазақстандық танымал саясаткерлер, блогерлер, бизнесмендер, әртістер мен басқа да тұлғалар «Зияткер ұрпақ» жобасына қатысып жатыр. Алғашқылардың бірі болып белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Ерлан Қарин, актер, шоумен Әнуар Нұрпейісов,  Жалпыұлттық қозғалыстың Кеңес төрағасы Данат Жұмин, продюсер, әнші Айгүл Иманбаева, журналист, тележүргізуші Қанат Әуесбай,  актер, шоумен Азамат Сатыбалды, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Қазақстан КВН одағының президенті Есен Елеукен, Атланта олимпиадасының чемпионы Юрий Мельниченко, саясаттанушы Айдос Сарым оқушылармен жүздесті.

Жоба 2014 жылғы 15 қыркүйек пен 15 желтоқсан аралығында жүзеге асырылады. Осы аралықта барлығы 300 танымал адамды жобаға қатыстыру көзделіп отыр. Қазірдің өзінде жоба аясында 50 адам аймақтарға жіберілді.

Басты сөздер: «Қазақстан- 2050″ Стратегиясы , Зияткерлік ұлт , Қоғам