Толық мәзір

Мұрат Әбенов: Салық кодексіне өзгерістер енгізу қажет

 

абенов21 қаңтар 2009 ж. Салық кодексіне азот тотықтары және күйе шығарындыларына төлем ставкасын бекіту жөнінде өзгерістер енгізу қажет. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Мұрат Әбенов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өткен жылы қабылданған Салық кодексінің басты мақсаттарының бірі жер қойнауын өндірушілерге салық жүктемесін ұлғайтып, басқа салаларға азайту болып табылады. Қолданысқа енгізілетін Салық кодексінің 495-бабының 3-тармағына тек қана көмірсутектер, көміртотықтар және метан ластаушы заттардың төлем ставкалары белгіленген. Ал ілеспе газдарды жаққанда шығарылатын ластағыш заттар азот тотықтары және күйе үшін төлем ставкалары белгіленбей қалған. Азот тотықтары да, күйе де қоршаған ортаны ластаушы және тұрғындардың денсаулығына кері әсерін тигізетін зиянды заттар болып табылады. Айта кету керек, ілеспе газдар жаққанда шығарылатын Салық кодексіне енбей қалған азот тотықтары және күйе көлемі шартты тоннаға айналдырғанда, барлық ластаушы заттардың 92 пайызын құрайды», деді М. Әбенов. Депутаттың айтуынша, Бас прокуратураның жүргізген жұмыстары барысында Салық кодексіндегі қоршаған ортаны ластау үшін төлемдерді есептеудің аталған жаңа тәртібі жер қойнауын пайдаланушыларға салық жүктемесін 100 еседен аса азайтатыны анықталған. Сол себептен, бұл мәселе мұнай өндіруші өнірлердің жергілікті бюджеттерінің орындалмауына алып келуі ықтимал болып отыр. «Мысалы, Қызылорда облысының бюджетінде қоршаған ортаны ластағыш заттардан түсетін төлем көлемі 1 млрд. 500 млн. теңге деп бекітілген. Дегенмен, азот тотықтары және күйе үшін төлем ставкалары белгіленбегендіктен жергілікті бюджетке 1 млрд. 220 млн. теңге қаржы түспеуі және бюджеттік түсімдердің орындалмауы күтілуде. Бұл өз кезегінде әлеуметтік бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асырылмауына алып келеді. Осындай жағдай басқа мұнай өндіруші облыстарда орын алып отыр», деді депутат. Оның сөзіне қарағанда, Салық кодексінде азот тотықтары және күйе үшін төлем ставкалары белгіленбеуі Қызылорда облысының экологиялық қолайсыз жағдайына және әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсерін тигізеді.