МҰРАТ ӘБЕНОВ: ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ ЖАС ТҮЛЕКТЕРДІ «СЕРПІН-2050″ ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАСЫ БОЙЫНША ОҚУҒА ШАҚЫРДЫ
Бүгін аудандық мәдениет үйінде «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов жастармен, ата-аналармен, жалпы жобаға қызығушылық танытқан азаматтармен кездесті.
Жиынның алғы сөзін сөйлеген аудан әкімі Руслан Рүстемұлы мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тілеп, ауданымыздың білім саласындағы биылғы жетістіктеріне тоқталды.
«Биылғы тестілеу сынағы ауданымызға оң нәтиже әкелді. Олай дейтін себебім тест қорытындысы бойынша биылғы 14 «Алтын белгіден» үміткердің 10-ы өздерінің лайықты екенін дәлелдеді. Орташа балдық көрсеткіш 81,6- ны құрады. Ал бұл көрсеткіш өткен жылы 68,5-ті құрап, 4 оқушы ғана «Алтын белгіні» қорғап шыққан болатын. Осындай нәтиже арқасында ауданымыз облыс бойынша былтыр сегізінші орыннан көрінсе, биыл бірден төртінші орынға тұрақтады»,- деді аудан басшысы. Мұнан кейін сөз алған М.Әбенов жаңақорғандықтарға «Серпін-2050» бағдарламасы жөнінде кеңінен түсіндіріп, бағдарламаға қатысуға шақырды.
«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновтың айтуынша: «Серпін-2050» бағдарламасы еліміздің туу көрсеткіші жоғары, халық саны көп, жұмыссыздық мәселесі басым аймақтарынан жұмыс күші мен кадр тапшылығы өте өзекті 8 өңірге жастарды апарып, оқытуға, жұмыспен қамтуға бағытталған жоба. Бағдарлама бойынша грант иегерлері стипендиямен, жолақысы және жатақханамен, киіммен және жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жастардың арнайы жоба бойынша өздері оқып жатқан өңірлерде қалып, жұмыс істеуімен қатар баспаналы болуға да мүмкіндіктері бар екен. Аталмыш жоба бойынша биылғы жылы арнаулы орта оқу орындарына 1200 орын, ал жоғарғы оқу орындарына 5000 грант бөлінген.