Толық мәзір

Мұрат Әбенов: «Серпінге» сенгендер жұмыссыз сенделмейді

Қазіргі таңда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі әлем елдерінің басты проблемасына айналып отыр. Өкінішке қарай, ғаламның бас ауруына айналған мәселеде қазақ елінің де «әттеген-ай» дейтін тұсы бар. Себебі, кезінде жастар жаппай қаржыгер мен заңгер мамандығын таңдап, нәтижесінде екі қолға бір күрек таба алмай қиналды. Ал, кейбір салада керісінше кадр жетіспеушілігі туындап, бұл мәселе күні кешеге дейін шешімін таппай келген болатын. Осы олқылықтың орнын өткен жылы қабылданған «Серпін-2050» бағдарламасы толтырды.

серпін2

Нақтырақ айтсақ, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарының 2050 жасы өткен жылы Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Батыс және Шығыс, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстарына оқуға түскен болатын. Қазіргі таңда бір топ жастар қол жеткізген мамандықтары бойынша аталған облыстарда білім алып жатыр. Биыл да «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түсемін деген талапкерлерге мүмкіндік беріліп отыр. Бұл туралы «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» Мемлекеттік бағдарламасы Республикалық Үйлестіру Кеңесінің төрағасы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов мәлім етті. Мұрат Абдуламитұлының айтуынша, «Серпін-2050» бағдарламасының мақсаты – ең алдымен бәсекеге қабілетті мықты мамандар даярлап, ауылдағы жастарға қолжетімді сапалы білім беру.

– Қазіргі таңда демографиялық жағдайға қарасақ, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарында  бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер де көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін тудырады. Ал, кейбір аймақтарымызда керісінше, өнеркәсіп орындары көп болғанымен кадрлар жеткіліксіз. Осы мәселелерді тиімді шешу мақсатында жастарға арнап мемлекетіміздің қолдауымен «Серпін-2050» бағдарламасын жүзеге асырудамыз.  Өткен жылы жобамыз жақсы қарқынмен басталды. Барлық 2050 грант иегерлері оқу орындарына жеткізіліп, жатақханаларына жайғастырылды. Студенттердің жағдайы бақылауымызда. Бітірген түлектерімізді жұмыспен қамтимыз. Ал, биылғы жылы грант және мамандық сандарын көбейтеміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді Мұрат Әбенов.

«Серпін – 2050» бағдарламасының жастарға берілген зор мүмкіндік екені белгілі. Сондықтан да, бұл бағдарламаға қатысты сұрақтарға көптеген жастар жауап алғысы келеді. Мұрат Әбеновтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты толық ақпаратты www.serpin-2050.kz сайтына кіріп алуға болады екен.

– Бірінші кезекте бұл мүмкіндікті жоғарыда аталған өңірлердің биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысып, әр түрлі деңгейде ұпай жинаған барлық бітіруші түлектер, сонымен қатар кешенді тестілеуден өткен колледж түлектерінің де, мектепті бұрынырақта бітірген жастарға да пайдалануына толықтай мүмкіндік бар. Шекті ұпайға (50 ұпай) жетпеген бітірушілерге колледждерге тапсыруға және шығармашылық емтихандар арқылы қабылданатын мамандықтар бойынша грант иегері болу мүмкіндігі бар. Ал, шекті ұпайға яғни 50 балл жинамаған, әрі бейіндік пән бойынша 7 балдан аз алған студент ЖОО-ға конкурсқа қатыса алмайды, – дейді Мұрат Абдуламитұлы.

Жоғарыда тілге тиек еткендей бұл бағдарламаның жастарға берер пайдасы көп. Алайда, осы бағдарламаны Жамбыл облысының жастары жіті түсініп, пайдаланып отыр ма? Біздің бұл сауалымызға облыстық білім басқармасына қарасты Кәсіптік-техникалық білім беру бөлімінің бас маманы Алтынай Жайлышова жауап берді. Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша облыстан өзге өңірдің жоғары оқу орындарына 77, ал кәсіптік-техникалық білім беру бойынша колледждерге 95 студент оқуға түскен екен. Яғни, «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында Әулиеатадан өзге өңірлерге 172 студент білім алуға аттанған. Қазір олар Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Батыс және Шығыс, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстарында оқып жатыр.

серпін1серпін

– Бұл бағдарламаның өткен жылға қарағанда бірнеше ерекшелігін атап өткен жөн. Оның ең біріншісі биыл бөлінетін гранттар саны 2050-ден 5000-ға жетеді деп жатыр. Алайда, оның нақты қанша болатыны туралы бізге ақпарат келіп түскен жоқ. Сондай-ақ, былтыр «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша жұмысшы тобы құрылмаған болатын. Биыл облыс әкімінің орынбасарының төрағалығымен жұмысшы тобы құрылып отыр. Оның құрамына білім басқармасының басшысынан бастап, жоғары оқу орындарының проректорлары, Жастар комитетінің өкілдері кіретін болады. Биыл арнайы жұмысшы тобы құрылғаннан кейін аталған бағдарлама бойынша жұмыс жасау басталып кетті. Нақтырақ айтсам, өткен аптадан бастап солтүстік өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінен өкілдер келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – дейді Алтынай Жайлышова.

Өткен жылы колледждер бойынша Жамбыл политехникалық колледжінде, ал жоғары оқу орындарына түсуге байланысты М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университетінде құжаттар қабылданған. Алтынай Жайлышованың айтуынша, биыл да аталған оқу орындарында құжат қабылдау жүргізіледі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама бойынша грант иегерлері стипендиямен, өңірлерге бір рет барып-қайту жолақысы және жатақханамен, жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі екен. Ал, колледждерге түскендерге 3 мезгіл тамақ және оқу киімі қаралған. Бұдан бөлек, аталған оқуды бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуге немесе жұмысқа орналасуына ықпал жасайды. Осыны ескерген жасы 30-дан асқан ауыл жастары бағдарламаға қатысып, қазіргі таңда олар өзге аймақта оқып жатыр. Себебі, ол жерде жас маман жұмыс тауып қана қоймай, пәтермен де қамтамасыз етіледі. Ұзын сөздің қысқасы, «Серпін – 2050» бағдарламасының жастарға берер пайдасы мол. Сондықтан да, аталған бағдарламаның игілігінен жамбылдық жастар шет қалмауы керек.