Мұрат Әбенов: «Серпін-2050» Грант иегерлерімен кездесу өтті
“Мәңгілік ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесі мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов Шымкентке арнайы іссапармен келіп, “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” мемлекеттік бағдарламасы аясында оқуға түскен жастармен және олардың ата-аналарымен кездесті.
Кездесу барысында Мұрат Абдуламитұлы алғаш рет қолға алынған жобаның мақсаты мен оның жүзеге асырылу барысы және қарастырылатын жеңілдіктері туралы әңгіме қозғады.
– Біздің елде гуманитарлық салаға қарағанда техникалық мамандық иелеріне деген сұраныс өте жоғары. Алайда елдің кейбір өңірлерінде, әсіресе Солтүстік аймақтарда білім алатын оқу орындары болғанымен, онда барушылар өте аз. Халқы тығыз орналасқан облыс жастарын осындай аймақтарға жіберіп, тегін білім алуын қамтамасыз етіп, сұранысқа ие мамандарды оқыту мақсатында “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” бағдарламасы қабылданған, – деді М.Әбенов.
Кездесуге қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев мемлекеттік бағдарлама өңірде жоғары деңгейде насихатталғанын, соның нәтижесінде облыс жастарының белсенділігі артқанын атап өтті. Сонымен қатар Сапарбек Құрақбайұлы бағдарлама аясында оқу грантына ие болған жастар тек қана тегін білім алып қана қоймай, сонымен қатар жатақханамен де толықтай қамтылатынын және де облыс әкімдік тарапынан оңтүстікқазақстандық жастар үшін тиімді шешім қабылданғанын жеткізді.
— Шілде айында біз өңірдегі 183 елді мекенді аралап, бағдарламаны насихаттадық. Оның тиімділігін түсіндірдік. Осы ретте баласын өзге аймаққа жібергелі отырған ата-аналарға айтарым, “қалай болар екен?”деп уайымға салынудың қажеті жоқ. Ол жақта барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар облыстық әкімдік білім грантын ұсынған оқу ордаларымен тығыз байланыс орнатты. Алдағы уақытта біздің жастар мекемелері өзге аймақтарда білім алатын студенттердің жағдайын жіті бақылап отырады. Тіпті студенттің қаржысы таусылған жағдайына дейін біздің өкілеттік хабардар болады. Мұның бәрі жастардың білім алуы барысында кедергілерге тап болмауының алдын алу мақсатында қолға алынып отыр, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Мұнан соң қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, оған мардымды жауаптар да айтылды. Өз кезегінде тегін білім алуға қол жеткізген жастар осындай мүмкіндік берген мемлекетке алғыстарын жеткізді. Солардың бірі – түркістандық Азиз ШАМИТДИНОВ. Биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуде 103 балл жинаған Азиз алғашында өз өңіріміздегі оқу ордасына құжат тапсырмақ болыпты. Алайда, өзі туып-өскен қаладағы ХҚТУ ғимаратында “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” бағдарламасын насихаттаушы өкілдер осындай ұсыныс тастаған.
— Өзім туып-өскен қаладан өзге шет аумаққа шықпағандықтан алғашында ата-анам бұл шешімімді құптамады. Уақыт өте ойлана баталарын берді. Өйткені менің ҰБТ-ғы нәтижем жоғары болғанымен біздің облыста грантқа қол жеткізу мүмкіндігі аз болды. Талапкер көп, бөлінген грант аз. Қостанайдағы мемлекеттік педагогикалық институтқа оқуға түскеніме еш өкінбеймін. Мен үшін білімді қай жақта алу емес, бастысы сапалы білім алу – маңызды, – дейді жас студент.
Айтпақшы, жастармен жүздесу барысында Мұрат Әбенов мемлекеттік бағдарлама биыл алғаш рет қолға алынып жатқандықтан кейбір түлектердің бейхабар қалғанын да жасырмады. Соған қарамастан Оңтүстік жастары Алматы, Жамбыл облыстарына қарағанда белсенділік танытқанын ерекше атап өтті. Онымен қоса Астанадан келген қонақ оқуға түскен жастарды түрлі әлеуметтік желілерде бағдарламаның арнайы парақшасы бар екенін, тіпті “whatsАpp” желісі арқылы да студенттердің шағымдары қабылданатын жеткізді. Осы ретте айта кетейік, Білім және ғылым министрлігі, тіпті Президент әкімшілігі қатаң бақылауға алған “Мәңгілік ел жастары – индустрияға” бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысының 540 жас тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды. Жоғары оқу ордаларында білім алатын студенттер стипендиямен, жатақханамен қамтылатын болса, орта арнаулы оқу ордаларындағы жастарға жатақханамен қоса үш мезгіл тамақ беріледі және әр мезгілдік киім-кешек алу үшін 30-37 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмек көрсетіледі. Жоба аясында білім алған жастарға білім алған аймақта жұмыста қалу міндеттелмейді.