Толық мәзір

М.Әбенов: «Халықтық «IPO-ны» іске асырудағы кемшіліктер»

М.Әбенов: «Халықтық «IPO-ны» іске асырудағы проблемалар туралы Мәжілістің пленарлық отырысындағы сөз. 

Бүгінгі күні Үкімет, «Самұрық-Қазына» қоры және Ұлттық банк жасап жатқан мәлімелер мен істер 2010 жылы 11 ақпанда «Нұр Отан» партиясының 13 съезінде Елбасы Н. Назарбаевтың ұсынған негізгі ойларынан мүлдем бөлек. Қазір «Халықтық «IPO-дан» тек қана «халықтық» сөзі ғана қалды.

Бастапқыда тұрғындарға «Халықтық «IPO-ның» мәнін түсіндіріп, олардың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы «жүз мыңдаған қарапайым қазақстандықтарды тарту» мақсаты қойылса, қазір ол түбегейлі өзгерді.

Ұлттық банк төрағасы «Халықтық «IPO-ға» «негізінен материалдық мәселелері реттелген және бос ақшалары барлар» қатыса алады деп мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, халықтық акцияны сатып алу үшін «жұмыс, тұрғын үй, көлік, жылжымайтын мүлкі мен өмірі әлеуметтік сақтандарылған, сосын банкте депозиттері, осыдан кейін бос ақшалары бар адам азаматтар ала алады. Және де акцияны жағдайы бар, ауқатты 10-20 мыңға жауық адам алу керек екен. Бұл 17 миллион халықтың 0,1 (оннан бір) пайызы. Онда Елбасының тапсырмасын қайда қоямыз? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген бастаманы есіне ала отырып, Н. Назарбаев «қалталы қу, жылпос адамдар келіп, барлығын түгелімен сатып алды» — деген болатын. Осындай жағдай қайталанбау үшін «акциялардың қалталы байларға емес, тек қана қарапайым қазақстандықтарға сатылуын бақылауға алуды» Үкіметке ескерткен болатын. Бүгінгі күні бұл қауіптер орын алуда. Барлық істеп жатқан шаралар акцияларды азғантай қалталылардың шоқтығына беруді ақтау болып отыр. Егер халық акцияларды сатып алуға дайын болмаса, асығудың қажеті жоқ шығар? «Халықтық «IPO», алдын ала қарапайым халықты ортақ байлықтан шеттету арқылы жүргізілетін жекешелендірудің екінші жасырын түрі болмайды ма? Акцияларды әдеттегідей орналастыруға қарағанда мұнайлы жіліктің майлы басына дұрыс бәсекелестіктің болмауынан «халықтық» акцияның құны әлдеқайда төмен болатыны түсінікті. Қалайша керемет ойластырған: 99,9 пайыз халық қатыса алмайды, бизнеске сатпайды, шетелдіктерді жібермейді. Өз құны бойынша сатып алады. Қалғанын өлу халіндегі зейнетақы қорларына лақтырып тастайды. Байлар байи түседі, кедейлер кедейдене түседі! Бұл әлеуметтік кемсітушілік емес пе? Егер де байлар акциялар сатып алғысы келсе, еркін бәсекелестік нарықта сатып алсын. Осылай әділ болады. Бастапқыда қарапайым халыққа сату жоспарланған емес пе еді? Мемлекет өзінің кедей азаматтарына банкир болу керек деп айтады. Керісінше емес..