Толық мәзір

Уақыт – басты бәсекелес

Жаңа оқу жылының басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Осы кезде балаларын мектепке беретін ата-аналар маған «Болашақта қандай мамандыққа сұраныс жоғары болады?», «Баламыз осы бастан қандай пәндерді көбірек оқуы керек?» деген сияқты сұрақтарды жиі қояды. Бұған нақты жауап беру қиын. Себебі, қазіргі қоғамда бәрі де тез өзгереді. Әрбір 9 айда адамзаттың ақпарат қоры екі есе көбейсе, ғылым мен техникада пайда болатын өнертабыс жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін шамамен жартысына дейін төмендетеді. Сол сияқты, мамандықтарға деген сұраныс тұрақты емес, жаңа мамандықтар көптеп пайда болуда. Сарапшылардың болжауынша, бүгін мектеп табалдырығын аттаған балалардың 40 пайызы біз әлі атын білмейтін мамандықтарды игереді. Әлбетте, мемлекет бұл өзгерістерден хабардар және уақыт сынына дер кезінде жауап беруге тырысады. Дегенмен, қандай деңгейдегі теориялық дайындық болмасын, қазіргі заман ырғағына толықтай ілесе алмайды. Бұл – біздің ғана емес, бүкіл дүние жүзі елдерінің ортақ проблемасы. Соңғы уақыттарда әлем рейтингінде көш бастайтын жоғары оқу орындары түлектерінің көпшілігі жұмыс берушілердің көңілінен шықпайтын болып жүр. Оған олар кінәлі емес. Мәселе түлектерден оқу орнында игерілмеген, алайда ағымдағы практикаға аса қажет дағдыларды талап етуде болып отыр.

Жаңа оқу жылының басталуына да көп уақыт қалған жоқ. Осы кезде балаларын мектепке беретін ата-аналар маған «Болашақта қандай мамандыққа сұраныс жоғары болады?», «Баламыз осы бастан қандай пәндерді көбірек оқуы керек?» деген сияқты сұрақтарды жиі қояды. Бұған нақты жауап беру қиын. Себебі, қазіргі қоғамда бәрі де тез өзгереді. Әрбір 9 айда адамзаттың ақпарат қоры екі есе көбейсе, ғылым мен техникада пайда болатын өнертабыс жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін шамамен жартысына дейін төмендетеді. Сол сияқты, мамандықтарға деген сұраныс тұрақты емес, жаңа мамандықтар көптеп пайда болуда. Сарапшылардың болжауынша, бүгін мектеп табалдырығын аттаған балалардың 40 пайызы біз әлі атын білмейтін мамандықтарды игереді. Әлбетте, мемлекет бұл өзгерістерден хабардар және уақыт сынына дер кезінде жауап беруге тырысады. Дегенмен, қандай деңгейдегі теориялық дайындық болмасын, қазіргі заман ырғағына толықтай ілесе алмайды. Бұл – біздің ғана емес, бүкіл дүние жүзі елдерінің ортақ проблемасы. Соңғы уақыттарда әлем рейтингінде көш бастайтын жоғары оқу орындары түлектерінің көпшілігі жұмыс берушілердің көңілінен шықпайтын болып жүр. Оған олар кінәлі емес. Мәселе түлектерден оқу орнында игерілмеген, алайда ағымдағы практикаға аса қажет дағдыларды талап етуде болып отыр.

Олай болса, Елбасы Н.Ә. На­зар­баевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында құбылмалы тарихи жағдайда «Ескірген немесе сұранысы жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет» деген сөздерін ұдайы есте ұстай отырып, мамандықтың нақты түрін таңдағаннан гөрі өмірде қажет, оқу пәндерімен тығыз байланысқан дағдыларды игеруге көбірек көңіл бөлуіміз керек.

Осыдан 20–30 жыл бұрын жоғары оқу орны берген білім адамның бүкіл ғұмырына азық болғандай еді. Қазіргі талап өзгерді. Ендігі жерде уақыт үрдісіне ілесу үшін азаматтар өз білімдерін ұдайы жетілдіріп отырулары керек. Осы жолды таңдаған азаматтар ақпаратты өздігінен табады, оларды әртүрлі жағдайда пайдалана алады, тиiмдi шешім қабылдайды, іскерлігімен дараланады. Бірнеше жыл бұрын өткізілген халықаралық зерттеулер қазақстандық оқушылардың пәндер бойынша терең білім алатынын көрсетті. Бірақ олардың бар-жоғы 5 пайызы ғана сол білімін нақты өмірде пайдалана алатын болып шықты. Дамыған елдердегі оқушылардың бұл көрсеткіші 28,6 пайыз. Демек, бұл арада жас ұрпақты не үшін, қалай оқыту керек деген сауал туындайды.

Не үшін? Бірінші кезекте экономика тұратыны айтпасақ та түсінікті. Оқуын бітірген жас ең алдымен нарықта кәдеге жарайтын маман болуға тиіс. Дегенмен, ол жаһандану үдерісіне ілінемін деп жеке басының ұлттық ерекшелігінен ажырамауы, оны сақтап, тарата білуге үйренуі керек. Осыған орай кез келген оқу материалы, тіпті қолданылатын педагогтік әдіс-тәсілдер де білім берудің барлық сатыларында, оқу орындарының меншік түріне және оқытылу тіліне қарамастан халқымыздың салт-дәстүрімен, ұлттық мәдениетпен, жергілікті деректермен етене байланыста қарастырылғаны жөн.

Сол сияқты, «Ашыққанға ба­лық берме, қармақ бер» дегендей, ұстаз шәкіртіне білім беру­мен қатар, оның өз бетімен ізде­нуі­не ықпал етуге тиіс. Оқу мате­риа­лының мазмұны осы мақсатқа бағындырылады. Қалайша? Бұл арада мұғалімнің «жәрдемдесушілік» рөлі басым болғаны жөн. Әдетте, «берушінің» оқушысы енжар келеді. Өйткені, ол көп уақытын тыңдаумен және ұсынылған материалдарды жаттап қайталаумен өткізеді. Ал «жәрдемдесушінің» шәкірті болса, мазмұнды өздігінен игеріп, жеке пікірін қалыптастыратын белсенді әрекетімен танылады. «Жәрдемдесуші» мұғалім: өзі сөйлей бермей балаларға сұрақ қояды; ақыл айтумен шектелмей, қолдау көрсетеді; стандартты шешімді талап етпейді, ерекше пікірлерді қолдайды.

Кезінде хакім Абайдың өзі сөздің мағынасына терең бойламай жаттаудың тиімсіз ғана емес, қауіпті екенін 38-ші қара сөзінде былай деп айтқанын еске түсірейікші: «Бұл күндегі тәхсилғұлум ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болады. …Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымды пайдасыз ұзақ бахастар бірлән күнін өткізіп, мағишат дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, харакетке лайығы жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынды».

Сонымен, оқу үдерісі белсенді әрі жаңаны үйрену тұрғысында жүргізілуі керек. Шәкірт шынайы өмір туралы жеке түсінігін өзі қалыптастырады, мұғалім оның түсінігін қоғаммен, ортамен байланыстыруға жағдай туғызуға, қажет болғанда бағыт-бағдар, ақыл-кеңес беруге міндетті.

Сөздің шыны сол, компьютер, интернет, смартфон секілді көз жауын алатын коммуникациялық технологиялар арасында туып-өскен жаңа дәуір оқушылары бұрынғыша оқығылары келмейді. Заманауи ақпараттық орта адамзат тарихында дәл қазіргідей бай әрі жан-жақты болып көрген емес. Ал осы ресурстардың белсенді пайдаланушысы бола қоймаған мұғалім баланың ол ортада әрекет етуін шектейді, сөйтіп, оқушыларды стандартты шешімдерді қажет ететін, іш пыстыратын тапсырмаларды орындауға мәжбүрлейді. Бұдан олардың оқуға ынтасы төмендейді, зерігушілік пайда болады. Жағдайдың осы қалыпта қалуы шәкірттердің танымдық қызығушылығының оқыған сайын әрбір келесі сатыда төмендей беруіне әкеліп соқтырады. Оқу материалын сапалы игермейтін, қоғамда өз орнын таба алмайтын түлектер санының көбейе беруінің бір сыры осында жатыр. Сондықтан оқу-тәрбие процесінде оқушылардың жеке басының ерекшеліктерін ескерудің маңызы зор. Бұл үшін деңгейлі тапсырмалардың орындалуы, оқушылардың қызығушылығы мен икемділігіне қарай жеке ба­ғыт­ты айқындауы және т.с.с. мүм­кіндіктердің қарастырылғаны жөн.

Бұқаралық ақпарат құ­рал­дарын­да Джордж Лэнд пен Бет Джар­манның «Бақылау нүктесі мен шексіздік: Болашақты бү­гін­нен меңгереміз» атты кіта­бы арқылы тараған 15 жылғы тәжі­рибенің нәтижелері таңғалдырады. Тәжірибеге қатысқан 3–5 жас аралығындағы 1 600 балаға тап­сыр­малардың әр алуан шешімдерін табуға қатысты тестілер бе­рілді. Балалардың 98 пайызы «шы­ғармашылықтың кемеңгері» атанды. Бес жылдан кейін осы балалармен тест қайта өткізілгенде 32 пайызы ғана «кемеңгер» мәр­тебесін растай алды. 13–15 жас ша­масында бұл көрсеткіш 10 пайызға төмендеп кетті. Қызығы, бұл тестілерді тапсырған ересек адамдардың нәтижесі – 2-ақ пайыз! Біз кішкене баланың қолынан келетіні шамалы, олардың қабілеті есейген кезде ғана ашылады деп ойлаймыз. Сөйтсек, қазіргі оқыту жүйесінде баланың шығармашылық қабілеттері жылдан-жылға төмендей береді екен. Сонда не істеу керек деген сұраққа Sony корпорациясының негізін қалаушылардың бірі, ерте тәрбие беру теоретигі Масару Ибуки сәбиді үш жасқа дейін оқып үйрету керек, бұл оның әлеуеті ең жоғары кезі деп жауап беріпті. Үш жасқа дейін сәбидің әр күні – оның жан-жақты шалқып дамуының кезеңіне айналуы мүмкін екен. Демек, дана халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекерге айтпаған ғой! Тек мамандардың кеңестерімен қаруланып, бұл мақалды шын мәнінде отбасылық тәрбиенің қағидатына айналдыру қажет. Балаларының балабақшаға дейінгі тәрбиесіне ерекше мән беру – ата-аналардың парызы. Олай болмаған жағдайда, баланың бойына тумысынан біткен дарынның ашылуына балабақша да, мектеп те ойдағыдай әсер ете алмайды.

Мектептегі оқуда біз бірдей нәтижеге, бірыңғай жұмыс жасауға үйретуден бас тартқанымыз жөн. Оқушыларды қателесіп қаламын ба деген қорқыныштан босатып, шығармашылыққа, тәуекелшілдікке баулу қа­жет. Бұл ретте балалардың қызы­ғу­шы­лықтарына, белгілі бір саланы (бағытты) терең оқып білуі­не арналған таңдамалы курстар­дың көбеюі, оларды оқыту дең­гейінің жоғарылауы маңызды рөл атқарады. Осы күнгі өмір үлгіден шыға алмаушылықты, бірсарындылықты, орамсыздықты көтермейді.

Білімге қатысты дәстүрлі көз­қарас өндірістік қайта құру дәуірінде қалыптасып, сол кездегі қоғам қа­жеттілігін қанағаттандыруға ба­ғытталған болатын. Өндіріс режімі қызметкерлерден шығар­машылықты қажет етпей, орындаушылықты талап етті. Сондықтан дәстүрлі оқу-тәрбие процесі оқушылардың білім, білік және дағдысын ұштауға бағдарланды. Мұндағы білім қоршаған дүниені танып-білудің практикамен расталған нәтижесін, білік адамның белгілі бір қызметті біліміне сүйене отырып атқару қабілетін, ал дағды машықты түрде орындалатын білікті білдіреді. Бұл үштіктен шығармашылық іс-әрекет түсіп қалған. Сол сияқты, сезім арқылы әсерлену, құндылық сезу де ұмыт болып келді. Академиялық сауаттылықтың өмірмен байланысын күшейту, өскелең ұрпақтың бойында жасампаздықты дамыту үшін оқу орындарында әрбір пән, сабақ, сыныптан тыс жұмыс аталған таным сатыларының барлығын ескере отырып өткізілуі керек.

Әлемдік білім беру жүйелерін салыстыруға арналған ауқымды зерттеулер оқыту мақсаттарын толымды әрі айқын тұжырымдайтын елдер табысқа жететінін көрсетіп отыр. Білім беруде оқыту мақсаттары жүйелерінің ішінде келесі оқыту мақсаттарының жүйесі кеңінен қолданыс тапқан.

Соңғы үш жыл ішінде Білім және ғылым министрлігі жаппай сауаттылық өлшемдерін кеңейтуге, олардың құрамын заманауи талаптарға сәйкестендіруге баса назар аударуда. Білім, түсінік және қолданыстың бастапқы дағдылары осы күнгі талаптарды қанағаттандыра алмайды. Себебі, игерілетін кез келген материал талдау және жинақтау арқылы жүйеленіп, білім алушымен бағалануы керек. Сонда мамандардың ең озық жабдықтармен ең заманауи өндірістерде жұмыс жасауына қажетті дайындық қалыптасады. Оқыту мақсаттары туралы бұл көзқарас тек қатардағы мамандарға ғана емес, жалпы жеткіншек ұрпаққа да қатысты. Жастардың қазіргі заманға бейімделуі үшін мұндай өзгерістер аса маңызды.

Бүгінгі сәби тілі шықпай жатып компьютерлік құрылғыларды пайдалана бастайтыны белгілі. Сандық формат ақпаратты дайындау әрі жеткізудің негізгі түрі болып келеді. Осы орайда сандық дереккөздерге қолжетімділік қоғамның дамуында, кез келген қызмет сапасында орасан зор рөл атқарады. Демек, оқушыларды осы дереккөздердің мазмұнын ұғуға, оны дұрыс пайдалануға үйретудің маңызы айрықша.

Сандық дереккөздер негізінен шет тілді мәліметпен толығатыны құпия емес. Жалғыз тілді білу интернет және т.с.с. технологияларды қолдануға толық мүмкіншілік бермейді. Қазақстан Жер шарында ең көп тараған тілдердің ішінен орыс және ағылшын тілдерін таңдады. Жаңарған Қазақстан қоғамының жас азаматтарының біршамасы үшін үштілділік қазірдің өзінде нормаға айналды. Көптілділік – көкжиегімізді кеңейтетін рухани және экономикалық артық­шы­лығымыз. Ақпаратқа қолже­тімділік – болашақ жеңістеріміздің алғышарты.

Қоғамның даму деңгейі мен өзгерген әлеуметтік-мәдени ор­таға бейімделу үшін әлем елдері, соның ішінде Қазақстан білім беру жүйесін реформалауда. Елбасының орта және жоғары білім беру мазмұнын тәжірибелік дағдыларға үйрету және кәсіби біліктілікке ие болу тұрғысынан өңдеу жөніндегі тапсырмасы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің кешенді жұмыстарымен орындалу үстінде. 2015-2016 оқу жылынан бастап 12 жылдық орта білім беру моделіне көшу жағдайында білім беру мазмұнын жаңарту негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2015-2016 оқу жылынан бас­тап 12 жылдық орта білім беру моделіне көшу бағытында кешенді жұмыстар атқаруда.

Біз отандық және шетелдік зерттеулерден алынған озық іс-тәжірибелерді 12 жылдық мектеп қызметінде мейлінше ұтымды пайдалануға тырысудамыз. Атап айтқанда, оқу жүктемесін жеңілдету үшін оқушылардың бойында дүниенің біртұтас бейнесін, кешенді дағдыларды қалыптастыратын кіріккен оқу пәндері енгізіледі.

Ұстаздар қауымы бейіналды және бейіндік дайындықтың нақ­ты­ланған механизмдері оқушы­лардың бойындағы дарынды­лық­тың ерте танылуына жағ­дай туғызады. 11-12 сыныптарда шәкірттердің жеке қызы­ғу­шы­лығына қарай бейін таңдауына құқық беріледі. 12 жылдық жалпы орта білім стандартында көзделген бейіндер түлектің келешек мамандығы бойынша бастапқы даярлығын қалыптастырады. Бұл үшін жоғары білімнің тиісті пәндері бейіндік мектептерге түсіріледі. Мамандандырылған пәндерді оқытуға жоғары білім беру жүйесінде қызмет ететін мамандар шақырылады. Осылайша мектеп пен ЖОО арасындағы сабақтастық күшейтіледі.

Оқушылардың жетістіктерін әділ әрі жан-жақты бағалау үшін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, оқу материалын игерудің мына деңгейлері анықталды: «білім – түсінік – қолданыс – жүйелеу – қорыту».

Енді білім мазмұны оқу­шы­лар­ды ғұмыр бойына білім алуға дай­ындау мақсатын көздеуі керек. Осыған сәйкес олар алда­ғы кезеңде басқарушылық, ақпа­рат­тық, коммуникативтік, әлеуметтік, тұлғалық, азаматтық және тех­нологиялық жағынан құзыретті болуға үйренетін болады.

Жаңа жүйе жағдайында 6 жас бүлдіршіндердің мектепке баратын негізгі жасына айналады. Бұл барлық балалардың мектепалды дайындыққа қолжетімділігін арттырады.

Еліміздің білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған осы іс-шаралар оқу-тәрбие процесінің барлық қатысушыларының рөлін, өзара қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін оқу ортасын түзуге тәуелді. Ең бас­тысы – қазіргі заманда ұстаздар үшін де, оқушылар үшін де бас­ты бәсекелес уақыт екенін есте ұстауымыз керек.

Мұрат ӘБЕНОВ,

Қазақстан Республикасының

Білім және ғылым вице-министрі.