КӨЗҚАРАСТЫ ӨЗГЕРТЕТІН КЕЗ КЕЛДІ
Еліміз енді Еуразиялық экономикалық кеңістіктің мүшесі. Қол қойылған күннен бері қоғамда қызу талқылау жүріп, сан түрлі пікір айтылуда. Қойылған сұрақ, берілген жауап, айтылған болжам көп.
Одаққа не үшін енгіміз келетіні де, Одақтың бізге не беретіні де талай айтылып, жазылды. Ендігі сұрақ: ары қарайғы қадам қандай болмақ? Қатарынан екі шақырылым Мәжіліс депутаты, Білім және ғылым экс-вице-министрі Мұрат Әбенов өз парақшасында бұл сұраққа «бәсекелестік енді басталды» деген ой білдіріпті. Әрі қоғамдық санаға жаңа өзгерістер қажет дейді. Қоғамдық мәселелерге әрқашан өзі үн қосып отыратын қоғам қайраткерінен ары қарай тарқатып беруді сұрадық.
Мұрат ӘБЕНОВ, қоғам қайраткері:
– Әне-міне дегенше жайбарақат жүретін кезең де аяқталған сияқты.Енді еліміздің экономикасын ашық бәсекелестікте қорғауға аттанатын уақыт келді. Біз құжат жүзінде дайынбыз, мемлекеттік құрылымдар дайындығын шыңдады. Бірақ қоғамның санасы осыған дайын ба?
Экономика, бизнес, технология, қаржы, халықаралық сауда… Мойындау керек. Бұл жағына осалдаумыз. Қаражатқа, бизнеске, технология саласына көзқарасты өзгертетін кез келді. Ол үшін жаңаша әрекет жасау керек. Сонымен қатар экономикалық емес, идеологиялық бәсекелестік те күшейеді. Себебі тұтынушы үшін күрес азаматтардың пікірін калыптастыру үшін күреске айналатыны сөзсіз. Соған дайын болуымыз керек. Геосаяси, халықаралық экономика, қаржы нарығы тақырыбында мәселе көтере алатын белсенді, сауатты, беделді жаңаша ойлайтын азаматтар алға шыққаны дұрыс. Ендігі жерде күн тәртібіне тіл, дін, тарихи құндылықтарды талқылауға сәл кідіріп, қалай қаржымды екі етемін, кәсіпті дөңгелетіп, бәсекеге төтеп беремін болуы керек. Яғни сөзден нақты істерге көшетін кез келді.
Жақында «Халықаралық экономикалық сауаттылықты арттыру қоры» халықтың қаржылық әлеуетіне зерттеу жүргізді. Ондағы деректерге қарасақ, әрбір үшінші тұрғын өзінің қаржылық мүмкіншілігіне көңілі толмайды екен. Тұрғындардың 65%-ы несие келісімшартын рәсімдеу кезінде ғана салыстыра бастайды.
38%-ы кіріс-шығыс есебін жүргізбейді. Салдарынан айдың аяғына дейін жалақысыз қалады екен. Әрбір екінші адам артық қаржысын үйінде сақтайды, өйткені депозитінің сақталуына кепілдік берілетіні туралы ақпараты жоқ. Мұндағы деректермен келісуге болады. Әсіресе, ауылды жерлердегі тұрғындардың қаржылық мүмкіншілігі, қаржы туралы ақпараты аз. Салдарынан тұтынушылық несие алып, бизнес ашуға тырысады. Бұл сауатсыздықтан емес. Бар кінә тек несие туралы толыққанды ақпарат жоқ немесе саралауға мүмкіндіктің жоқтығынан. Жалақылық жағдайына қарамастан, қымбат телефонды несиеге рәсімдеуге ұмтылатын ағайындар бар. Ол ертең қаржылық әлеуетіне кері әсері бар ма, жоқ па, оны бағамдау тағы жоқ. Бұл халық арасында қаржылық мүмкіншілікті арттыру, қаржы құралдарын түсіндіру, ол туралы терең ақпарат тарату бағытында үлкен жүйелі жұмыстың қажеттілігін көрсетеді. Бұған кейбір қаржы институттары, жекелеген азаматтар үлес қоса бастады. Бұл іске бүкіл халық болып жұмылу қажет. Жеке адамдардың қаржылық мүмкіншілігінің артуы, қаржылық құралдарды, экономиканы жетік түсіне алуы, кәсіпкерлік көзқарастағы адамдардың көбеюіне әкеледі. Ал алдағы ашық бәсекелестікте ұтылмауымызға білімді, бірлігі мықты, экономика мен қаржыны түсінетін, кәсіпкерлік түсініктегі адамдар қоғамы керек. Қоғамдағы көп нәрсені қайта бағамдап, көзқарасты өзгертетін кез келді.
Қымбат ТОЙЛЫБАЙ,
«Айқын» газеті