Толық мәзір

Аутизммен ауыратындар азаймай тұр

5

Мәжіліс депутаты Мұрат
Әбенов аутизммен ауыратын балалардың мәселелерін көтеріп, Үкіметбасы Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады. Ресми дерек бойынша, Қазақстанда тұратын 5 миллион баланың 2,5 мыңы аталған сырқатқа шалдыққан. Алайда депутаттың сөзіне қарағанда, шын мәнінде, бұл көрсеткіш үш еседей көп – 7 мыңға жуық болуы әбден мүмкін.

Әдетте бауыры езіліп, балтыры сыздағанға дейін «науқаспын» деп мойындамайтын қазақ халқы үшін аутизмнің аты аса таныс емес. Өйткені аутизм балаларда ақыл-естің кеш жетілуі, баланың сөйлеуінің кешеуілдеуі түрінде көрініс береді. Ал бізде көбіне бұл жағдайда «баланың еркелігі, әлі-ақ сөйлеп, ашылып кетеді» деп мән бермеу басым. Алайда өкініштісі сол, аутизм асқынған жағдайда бала қатарынан қалып қойғанынан бөлек, көптеген дене және сезім мүшелері жетілмей қалуы әбден мүмкін.  Әбеновтің әңгімесіне қарағанда, қазақстандық статистикада аутизммен ауыратындардың толық мәліметін құрастыру қиынға соғады. Өйткені медициналық есеп көрсеткішінде аутизм диагнозы бөлек көрсетілмеген, ол тек «психикалық даму ауытқушылығы» ретінде көрсетіледі. Оған қоса, бала 15 жасқа толғаннан кейін науқасқа өзге диагноз қойылады. Ал әлемдік медицинада аутизмге жас ерекшелігі жөнінен шектеу қойылмайды. Бұл да – сырқат балаларды қолдап-қорғаудағы кемшін түсіп жатқан тұстарымыздың бірі.                                                                                                                                        Аутизмге шалдыққан балалардың мәселесі бір бұл ғана емес. Мұнан бөлек, Қазақстанда аутизмнің алғашқы белгілерін диагностикалау арқылы анықтау дұрыс жолға қойылмаған. Әйтпесе дәрігер мамандардың айтуынша, балаға дер уақытында медициналық көмек көрсетілетін болса, оның ойлау және сөйлеу қабілетін әлдеқайда жақсартуға мол мүмкіндік бар. Алайда елімізде әзірге аутизммен ауыратындарды диагностикадан өткізудің бірегей стандарты жасалмаған. Тіпті сәтін салып баланы емдеген күннің өзінде, оларды кейінгі сауықтыру шаралары да жолға қойылмаған. Әбеновтің сөзіне сенсек, реабилитациялық көмек тек Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктеріне қарасты бірқатар мемлекеттік мекемелерде ғана көрсетіледі. Бұл институттардың өзі сапалы психикалық-педагогикалық көмек көрсетуге дайын емес екен.

— Аутизмге шалдыққан балалар дені сау қатарластарымен бірдей бір партада отыра алмасы белгілі. Өйткені қатарластары бір сағатта игеретін пәнге олар бір не екі күн жұмсауы да мүмкін. Сондықтан бүгінгі сырқат балалар арнайы мектептерге өте зәру, – деп атап өтті мәжілісмен.                                      Расымен де, арнайы мамандандырылған білімсіз балалардың 90 пайызы психикалық мүгедектікке ұшырайды. Бұл – дәрігерлердің пікірі. Ал уақтылы және жаңа заманға сай коррекциялық көмек алатын болса, аталған балалардың 60 пайызы өзге балалармен бірге бір сыныпта оқуға мүмкіндік алар еді. Алайда мұндай коррекциялық орталықтар республикада атымен жоқ.                                                          БҰҰ Бас ассамблеясы 2007 жылы қараша айында Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні ретінде 2 сәуірді жариялаған болатын. Алайда елімізде ақпарат таратумен тек бірді-екілі баспасөз құралы айналысқаны болмаса, жаппай насихат шаралары жүргізілгені есімізде жоқ.                                 Әбенов осы мәселелерді айта келе, Үкіметбасы Кәрім Мәсімовке бірқатар ұсыныс та жасады. Айта кетсек, үш министрлік – Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау мен Білім және ғылым министрліктері аутимге шалдыққан балаларды медициналық-психикалық-педагогикалық сауықтырудың бағдарламасын әзірлеуі қажет.                                                                                                                      — Оған қоса, балалар психиаторлары, невропатологтері, психоневрологтары және осы саланың өзге де дәрігер мамандарының біліктілігін жетілдіру керек. Сондай-ақ аутизмге шалдыққан балалардың статистикалық есебін анықтап, науқас балаларға санаторияда емделіп, демалуына заңға сәйкес жағдай жасау жайын ойластыруға тиіспіз, – деді М.Әбенов.